Жапония мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдық мерейтойына орай Жапонияның Сыртқы істер министрі Ёсимаса Хаяси мырза ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мырзаға жолдаған құттықтау хаты

2022/1/26
Бейресми аударма
 
         Жапония мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толу мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Сонымен бірге Жоғары Мәртебелі, Сізді Сыртқы істер министрі қызметіне қайта тағайындалуыңызбен құттықтаймын.
         Сондай-ақ осы сәтті пайдалана отырып, Қазақстандағы таяуда болған оқиға құрбандары мен олардың отбасыларының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын.
         Жапония мен Қазақстан дипломатиялық қарым-қатынас орнағаннан бері саясат, экономика және адам ресурстарын дамыту секілді кең ауқымды салалардағы қарым-қатынастарын нығайтып келеді және екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік тұрақты түрде тереңдей түсуде.
         Келешекте де Жапония Орталық Азия елдерінің халықаралық қауымдастықтағы әртүрлі серіктестерімен ынтымақтаса отырып, ережелерге негізделген халықаралық тәртіпті сақтау және нығайту, тұрақты дамуды көздеу үшін Қазақстанмен бірлесе, ынтымақтастықты жалғастыратын болады.
         Үстіміздегі жылы «Орталық Азия + Жапония» Диалогы аясында Сыртқы істер министрлерінің кездесуін өткізу жоспарлануда. Аталған Диалог аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыта аламыз деп үміттенемін.
         Жоғары Мәртебелі, Сізге зор денсаулық, табыс және Қазақстан халқына мол бақыт тілеймін.

Рейва дәуірінің 4 жылы /2022 жыл, 26 қаңтар

Жапония Сыртқы істер министрі Ёсимаса Хаяси (қолы)

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі
Жоғары Мәртебелі
Мұхтар Тілеуберді мырзаға