Елшінің сәлемдесу сөзі

2019/2/6
Тацухико Касаи.
Тацухико Касаи.
Тацухико Касаи.

Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің парақшасына қош келдіңіздер!


Қазақтың ұшы-қиырсыз даласын аралай соққан суық жел өте қатал болуы мүмкін. Бірақ қысқы күн тоқырауынан бері бір айдай уақыт өтіп, күн ұзарып, аз да болса көктемнің демін сезінуге болады.

Елшіліктің қызметіне көрсетіп отырған тұрақты түсіністігіңіз бен қолдауыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Менің есімім Тацухико Касаи. Жақында Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі ретіндегі жұмыс жолымды бастадым. Осы тағайындалуыма орай Сіздерге сәлемімді жолдаймын.

Өзім жайлы қысқаша айта кетейін. Менің туған жерім – Жапонияның Нагасаки префектурасы. Ұзақ жылдар бойында Жапонияның Сыртқы істер министрлігіндегі Ресей және ТМД мәселелері жөніндегі қызметіммен қатар өтпелі экономика бойынша зерттеулер жүргіздім. Қазіргі таңда да аталған саладағы зерттеулерді жалғастырудамын (Өмірбаян). Мен Қазақстанға келмес бұрын Ресейдің Қиыр Шығысындағы Владивосток қаласында жұмыс жасадым. Бұл қала 2012 жылы Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастық саммитін өткізгеннен кейін жылдық Шығыс экономикалық форумын ұйымдастыра отырып, бүкіл әлемнің назарын аудара бастады. Аталған форумға Жапонияның Премьер-министрі Синдзо Абэмен қатар басқа да мемлекет басшылары қатысып отырады.

Осы жолы Қазақстанға қызмет бабымен келдім. Бірақ бұған дейін де осы елге бірнеше рет сапармен келген болатынмын. 1984 жылы алғаш рет Астанаға келген шағымда (ол уақытта ол әлі Целиноград деп аталған) қазақ даласының табиғи жағдайларында бидай өсірудің әдістерін зерттегенім есімде. 2005-2008 жж. Қырғызстандағы қызметім барысында Алматыға жиі барып тұратынмын, Астанада да бірнеше рет іссапармен болдым. Енді Қазақстан жерінде толықтай дипломатиялық қызметке зейін қоюға мүмкіндгім бар, және оны іске асыруға шын ниетіммен дайынмын.

Алдағы уақытта менің Жапония мен Қазақстанның қарым-қатынастарын нығайтуға бағытталған ең басты міндеттерім – жапон азаматтарының қауіпсіздігі мен мүдделерін қорғау, сонымен бірге мемлекеттеріміздің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылған күннен бері 30 жыл бойы бұлжымай дамып келе жатқан екіжақты қарым-қатынас шеңберінде стратегиялық серіктестікке үлес қосатын экономика, мәдениет, ғылым, аймақтық ынтымақтастық, адам алмасулары сияқты практикалық салалардағы ынтымақтастығымызды қарқындату. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін бар күшімді жұмылдыруға дайынмын.

Мен алдыңғы тәжірибемде өтпелі экономика саласын зерттегенімдіктен Қазақстандағы өтпелі экономиканың даму үрдісін, сонымен бірге Еуразиялық Экономикалық Одағының келешегін жеке бақылағым келеді. Бүгінгі Қазақстанда Қоңырат, Албан, Меркіт және Керей сияқты ру немесе жүздерге бөлінуді байқадым. Бұл тайпалар кезінде Байкал көлінің төңірегін мекен еткен болатын. Мен Еуразия континенті халықтарының терең тарихи-географиялық байланысын сезінемін. Сол себепті осындай байланыстың негізінде орнатылған ежелгі тарихи мұраға ие болып отырған жас мемлекеттің прогрессінің куәгері болармын деген үлкен үмітімді білдіремін.  
     Бұдан басқа, түп негізі «адамдар арасындағы қатынас» болып табылатын дипломатия туралы сөз ететін болсақ, мен осындай «қатынасқа» талпына отырып, қазақ тілін меңгергім келеді.

Сіздердің қолдауларыңыз, серіктестігіңіз бен ықыластығыңызға үміттенемін.



2019 жыл 6 ақпан
Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі
Тацухико КАСАИ